Күлтай Камалқызы Әбдірахманова, директордың кеңесшісі
К. ӘБДІРАХМАНОВА – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, 1958 жылы 7 тамызда Қостанай облысының Науырзым ауданында туған. Екі жоғары білімі бар – 1982 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2004 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1990 жылға дейін мамандығы бойынша Қостанай облысы Науырзым ауданында мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқарды. 1990 жылы журналистика саласына ауысты. Науырзым аудандық «Жазира» газетінің жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметіне дейін жоғарылап, бұл ұжымда 1998-ші жылға дейін еңбек етті.
1998 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қостанай облыстық телерадиокомпаниясында қатардағы тілшіліктен бастап, компания директорының орынбасары - бас редакторлыққа дейінгі қызметтің барлық баспалдақтарынан өтті.
Облыстық БАҚ қара шаңырағының бірі «Қазақстан-Қостанай» арнасында халықтың рухани және мәдени-интеллектуалдық деңгейін көтеру, мемлекеттік идеологияны насихаттау жолында тер төгіп, құқықтық-демократиялық қоғам қалыптастыруға үлес қосып келеді. Осы жылдарда оның жетекшілігімен өмірдің сан саласын қамтитын талай тележобалар әзірленді. «Тәуелсіздік тағлымы», «Парасат», «Айтарым бар», «Біздің елдің жігіттері» сияқты тағлым-танымға толы өзінің бірнеше авторлық хабарларын эфирге шығарды
Шығармашылық табыстары үшін Мәдениет және ақпарат министрлігінің этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауының және Мәдениет министрлігіне қарасты Тіл комитетінің «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты байқауында «Үздік автор» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасының, Қазақстан Журналистер Одағының және аймақтағы БАҚ қызметін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қостанай облысы әкімінің бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар 2012 жылы облыстық Меценаттар клубы арнайы сыйлығының, 2014 жылы Қазақстан Журналистер Одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» құрмет белгісінің, 2015 жылы қазақтың тұңғыш журналист қызы Назипа Құлжанова атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанды. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Алғыс» хатымен марапатталды. 2018 жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар Министрлігінің қазақ телевизиясының дамуына қосқан үлесі үшін 60 жылдық мерейтойлық және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.
«Бай-Медиа» бағдарламасы бойынша халықаралық «Би-Би-Си» мектебі сертификатының иесі. Қостанай облысы бойынша әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі