Ипотека: бастапқы жарна 10 пайызға дейін төмендеуі ықтимал
Қазақстанда бастапқы жарнасы 10 пайыздан басталатын ипотекалық несие берудің жаңа тетіктері 2027 жылы таныстырылуы мүмкін. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Ведомство өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта «Отбасы банкпен» бірлесіп, осы бағыттағы қаржылық модель әзірленіп жатыр. «Бастапқы жарнаны төмендетуді көздейтін тетіктер қарастырылуда. Қазір «Отбасы банкпен» бірлесіп, қаржылық модельді пысықтап жатырмыз. Жаңа тетіктерді 2027 жылы жариялауды жоспарлап отырмыз», – деді Бақытжан Жүнісбеков Үкіметтегі брифинг барысында. Комитет төрағасының айтуынша, қарастырылып жатқан өзгерістердің бірі – ипотека бойынша бастапқы жарна мөлшерін 10 пайызға дейін төмендету.