Негізгі Жаңалықтар Заң үстемдігі жолындағы 35 жыл

Заң үстемдігі жолындағы 35 жыл

Биыл ҚР прокуратура органдарының құрылғанына 35 жыл. Осындай маңызды мерейтойға орай Ақмола мен Қарағанды, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облысының прокуратура өкілдері Қостанайда бас қосып, өңірлік форум өткізді. Жиында прокуратура органдарының осы жылдардағы қалыптасу жолы мен алдағы міндеттері сөз болды. 

Прокуратура саласының қалыптасуы мен дамуы – бірнеше буын маманның маңдай тері мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бүгінде уақыт талабына сай қызметтің жаңа бағыттары қалыптасып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдіріліп келеді. 

Прокуратура органдарының бүгінгі жетістігі мен қалыптасу жолында сала ардагерлерінің еңбегі айрықша. Олар жылдар бойы жинаған тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп келеді. Форум барысында ардагерлерге алғыс айтылып, олардың сала дамуына қосқан үлесі ерекше аталып өтті. 

Прокуратура саласында ширек ғасырға жуық уақыт еңбек еткен Еркін Құрманәлинов бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлердің бірі. Ол 2001 жылдың қазан айынан бастап түрлі жауапты қызметтерді атқарып, Ұзынкөл, Қостанай аудандарында, облыстық прокуратурада, сондай-ақ Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Қостанайдағы бөлімінде еңбек етті. Әділет органының аға кеңесшісі шенімен отставкаға шыққан маман «Прокуратура үздігі» атанған. 

Қостанай топырағына табан тіреп, осындай маңызды форумға қатысу - қонақтар үшін де ерекше қуаныш. Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов Тобыл өңірінің тарихы терең, талай тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен екенін атап өтті. 

Қазіргі таңда облыста 63 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның әр екіншісі жедел басқару орталықтарына қосылған. Ал шамамен екі мың камера жасанды интеллект негізіндегі бейнеталдау жүйесімен жабдықталған. Форумда осындай цифрлық шешімдердің қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі де атап өтілді. 


Бөлісу