Негізгі Жаңалықтар Қостанай жастары ел чемпионатына дайын

Қостанай жастары ел чемпионатына дайын

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов WorldSkills Kazakhstan 2026 республикалық чемпионаты қарсаңында өңірлік құрама мүшелерімен кездесті. Жастармен жүздесу барысында ол кәсіби шеберліктің маңызын атап өтіп, чемпионатта үздік нәтиже көрсеткен қатысушылардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатынын жеткізді. Биыл өңірімізден 40 қатысушы 36 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Алдағы додаға дайындық қалай жүріп жатыр?

Жас маман үшін кәсіби біліктілігін дәлелдеу – үлкен мүмкіндік. Ал WorldSkills чемпионаты сол мүмкіндікті жүзеге асыратын маңызды алаңдардың бірі. Мұнда қатысушылар теориялық білімін, нақты өндірістік жағдайдағы тапсырмаларды орындау қабілетін көрсетеді. 

Чемпионатта қатысушылардың әрбір орындаған тапсырмасы кәсіби талаптарға сай бағаланады. Сондықтан мұнда сарапшылардың жауапкершілігі жоғары. Олар тек техникалық талаптардың сақталуын қадағалап қоймай, әр қатысушының шеберлігіне әділ баға беруі тиіс. Облысымыздың атынан жарысқа қатысатын сарапшылар да осы міндетті абыроймен атқаруға дайын. 

Дайындық кезеңінде қатысушылар тек оқу орнында алған біліммен шектелмей, өндіріс талаптарымен де танысады. Мәселен, Рудный тау-кен технологиялық колледжінің студенті Бексұлтан Салдыбаев Астанада өткен тәжірибелік дайындық кезінде өзге өңірлердің студенттерімен жұмыс істеп, кәсіби машығын жетілдірген. 

Айта кетейік, XI Республикалық WorldSkills Kazakhstan 2026 чемпионаты 23–30 қараша аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 1500-ден астам қатысушы мен сарапшының басын қосатын бұл додада кәсіби шеберлік пен бәсеке қатар өрбімек.


Бөлісу