Көлік қатынасы жеңілдеді
Ресеймен шекаралас тағы бір республикалық жолға орташа жөндеу жүргізілді. Жаңарту шаралары Федоров және Қостанай аудандарының аумағы арқылы өтетін жолдың 426-441 және 500-539 шақырым аралығын қамтыды. Аталған учаске Қостанай қаласына кіретін негізгі бағыттардың бірі саналады.
Жолдың ашылуы жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен жаңалық болды. Жөндеу жұмыстарының аяқталғанына жұртшылық дән риза. Олар атқарылған іске оң бағасын беріп, жол сапасының жақсарғанына алғыстарын білдіруде.
Бұл жолмен күн сайын жүздеген жүк көліктері мен жеңіл көліктер қатынайды. Оның үстіне, Ресеймен арадағы халықаралық тасымал үшін де маңызы зор. Жол сонау 1980 жылы салынған. Содан бері талай көліктің салмағын көтеріп, уақыт өте келе тозығы жеткен. Соңғы рет 2021 жылы жөнделгенімен, кей жерлерінде шұңқырлар пайда болып, көлік қозғалысына қолайсыздық туғызған.
Еске сала кетсек, бұл бағыттағы жолды жөндеу жұмыстарына 17 арнайы техника мен 26 маман тартылды. Барлық жұмыс жоспарға сай жүргізіліп, межелі уақытта толық аяқталды.