Негізгі Жаңалықтар Күнбағыс майын өндіру көлемі артты

Күнбағыс майын өндіру көлемі артты

Қазақстанның май өңдеу кәсіпорындары ағымдағы маркетингтік маусымның алғашқы екі айында 141 мың тоннадан астам өсімдік майын өндірді. Бұл туралы Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы хабарлады. Өндіріс көлемінің ең жоғары өсімі күнбағыс майы сегментінде тіркелді. Атап айтқанда, тазартылмаған күнбағыс майын өндіру 57%-ға, ал тазартылған май өндірісі 39%-ға ұлғайған.



Қауымдастықтың мәліметінше, мұндай қарқынды дамуға ықпал еткен бірнеше фактор бар. Олардың қатарында күнбағыс егіс алқаптарының кеңеюі, май өңдеу кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасындағы шикізат сатып алуға арналған форвардтық келісімшарттар негізінде ынтымақтастықтың дамуы, қайта өңдеу қуаттарының артуы және кәсіпорындардың қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берілді.

Сонымен қатар қазақстандық май өнімдеріне сыртқы нарықтарда тұрақты сұраныстың болуы өндіріс өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып отыр. Биыл Қазақстанда майлы дақылдар егілген алқаптардың жалпы көлемі (мақта егісін есептемегенде) 5,179 млн гектардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға көп. Қазіргі уақытта еліміздегі май өңдеу кәсіпорындарының жылдық жиынтық қуаты 5,4 млн тоннадан астам майлы дақыл тұқымын өңдеуге жетеді. Оның ішінде күнбағыс тұқымын өңдеу қуаты 4,6 млн тоннаны құрайды. Алайда егіс алқаптарының ұлғаюына қарамастан, кәсіпорындар әлі де шикізат тапшылығын сезініп, өндірістік қуаттарын толық пайдалана алмай отыр.



Бөлісу