«Tobyl Open – 2026»: жас дзюдошылар бәсекесі
Татамиде әлсізге орын жоқ. Мұнда әр қимыл, әр әдіс пен әр секундтың маңызы зор. Қостанай ауданында дзюдодан «Tobyl Open – 2026» ашық облыстық турнирі өтіп жатыр. Бәсекеге еліміздің бірнеше өңірінен 16 команда жиналып, 280-нен астам жас спортшы күш сынасуда. Жас дзюдошылардың дайындығы қандай? Толығырақ келесі сюжетте.
Дзюдо – күш пен ептілікті, айла мен табандылықты қатар талап ететін спорт түрі. Әр белдесу жас спортшының шеберлігі мен мінезін шыңдайды. Ал осындай жарыстар арқылы жасөспірімдерге тәжірибе жинап, өз деңгейін бағалауға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда Қостанай ауданында спорт саласын дамытуға басымдық беріліп келеді.
Боз кілемдегі белдесулер қызу бәсекеге ұласты. 2012-2014 жылдары туған жасөспірімдер мен қыздар он салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетеді. Қарсыластың осал тұсын аңдап, тиімді әдіс қолдану – жеңіске бастар жол. Сондықтан әр белдесуде спортшылардың дайындығы мен шеберлігі сыналады.
Ақтөбе облысынан келген Шерхан Тұңғатаров та турнир қатысушысы. Жас балуан дзюдомен бес жылдан бері айналысады. Бұл жолы 42 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетуде. Ол үшін әр жарыс – тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдайтын маңызды кезең.
Жас спортшылардың әр белдесуде өз мүмкіндігін толық көрсетуіне бапкерлердің де қосар үлесі зор. Олар шәкірттерінің дайындығын пысықтап, жарыс барысында қолдау көрсетіп, тактикалық бағыт-бағдар нұсқайды.
«Tobyl Open – 2026» турнирі екі күнге жалғасады. Жарыс қорытындысында он салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Жалпы жүлде қоры – 1 млн 200 мың теңге. Әр салмақ дәрежесінің үздігі 120 мың теңгеден иеленеді. Бұл дода жас спортшылардың тәжірибесін арттырып, алдағы ірі жарыстарға дайындығын шыңдауға жол ашатыны сөзсіз.