Халық ақыны Әсия Беркенова өмірден озды
Ұлт мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Айтыс өнерінің ардақты тұлғасы, Қазақстанның халық ақыны, ұлағатты ұстаз, Қостанай облысының Құрметті азаматы Әсия Беркенова дүние салды. Қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған осынау қаралы хабарға байланысты Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов көңіл айту хатын жариялады.
«Қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық ақыны, «Барыс» орденінің иегері, Қостанай облысының Құрметті азаматы Әсия Әйіпқызы Беркенова дүниеден өтті деген қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Тобыл-Торғай жұртшылығына, апамыздың әулетіне қайғыра көңіл айтамын. Әсия Әйіпқызы – қазақ айтыс өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, жырсүйер қауымның құрметі мен ықыласына бөленген дара тұлға еді. Талай сөз додасында аймағымыздың намысын қорғап, биіктен көрінді.
Ұстаздық қызмет етіп, Халық ағарту ісінің үздігі атанды. Соңынан ерген көптеген шәкірттері бар. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамай, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып жүрді. Өмірлік серігі Табылды ағамызбен бірге Аян, Айбек, Айгүлдей перзенттер тәрбиелеп, немере-шөберелерінің қызығын көрді. Артында өшпес мұрасы мен жарқын бейнесін жалғастырар ұрпағы қалды. Ақынның өрнекті өлеңдері мен өткір жырлары, ұлттық өнер мен ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталады.
Марқұмның иманы жолдас болсын!» – деп жазды өңір басшысы.