Негізгі Жаңалықтар Жерлесіміз – мемлекеттік марапат иегері

Жерлесіміз – мемлекеттік марапат иегері

Мемлекеттік награда – ел дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегіне берілген жоғары баға. Президенттің 10- қарашадағы жарлығымен бірқатар отандасымыз Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Олардың қатарында ғылым, білім, мәдениет және қоғамдық қызмет саласының өкілдері бар. Облысымыздан төрт азамат марапатқа ие болды. Солардың бірі – «Qostanai TV» телеарнасының редакторы Анель Пимичева. Әріптесіміз «Шапағат» медалімен наградталды.

Қазақ тілінің қоғамдық кеңістіктегі орны оны дәріптеп, күнделікті қолданысқа енгізіп жүрген азаматтардың еңбегімен нығаяды. Бұл бағытта әсіресе жастардың бастамашылдығы мен белсенділігі маңызды. Мемлекет басшысы да қазақ тіліне қатысты сенімді көзқарас қалыптастырып, қоғамда оң үрдіс орнықтыру қажеттігін атап өтті.

Президент атап өткен рухани елшілердің қатарында өз ісімен үлгі көрсетіп жүрген жастар көп. Солардың бірі – Анель Пимичева. Ол 16 жасынан бастап қоғамдық жұмыстарға араласып, еріктілік қозғалысы мен қазақ тілін дамыту бағытында белсенділік танытып келеді. Еңбегі Президент атынан берілген «Құрмет» грамотасымен бағаланған. Бүгінде «Qostanai » телеарнасында редактор қызметін атқарып, «Біздің бағыт» және «Талант тайм» авторлық бағдарламаларын жүргізеді. Ал «Шапағат» медалінің берілуі – оның қоғамдық қызметіне көрсетілген жоғары құрмет.

Қоғамның рухани келбеті азаматтардың ортақ құндылықтарға деген құрметінен қалыптасады. Бүгінгі жас буынның бастамалары ертеңгі қоғамдық ортаның бағытын айқындайды. Сондықтан әрбір игі істің артында ел болашағына деген жауапкершілік пен ортақ мүддеге қызмет ету ұстанымы тұруы маңызды.



Бөлісу