Ауыл инфрақұрылымы жаңғырып келеді
Қостанай облысында орталық су желісімен, табиғи газбен қамтылған ауылдар саны артып келеді. Яғни, аты ауыл болғанымен тұрмысы қаладағымен бірдей. Мұндай оң өзгерістерге мемлекеттің инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының арқасында қол жетіп отыр. Мәселен Бейімбет Майлин ауданындағы 31 елді-мекеннің барлығы сапалы ауыз сумен қамтылып, 9-ына табиғи газ тартылған.
Валентина Гордиенконың Береговой ауылында тұрып жатқанына 40 жылдай уақыт болған. Ұзақ жыл осындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Мектеп директоры міндетін атқарды. Қазір зейнетте. «Осыдан екі жыл бұрын ауылымызға газ тартылған соң тұрмысымыз едәуір жеңілдеді» дейді ол.
Береговой – Калинин ауылдық округінің орталығы. Тұрғындар саны 1200-ге жуық, 450-ден аса отбасы бар. Көшенің бәрі асфальтталған, бағаналарға жарық шамдары орнатылған. 15 шақырым қашықтағы Рудный қаласына күніне жеті рет автобус қатынайды. Орталық су желісі тартылған. Ауыз су әр үйге кіріп тұр. 20-ға тарта ұсақ шаруашылық, 1 ірі серіктестік бар. Ауылшарушылығы құрылымдары елді-мекен тұрғындарына әлеуметтік жағынан әрдайым қолдау көрсетеді.
Бұл ауылға табиғи газ 2024-ші жылы жеткізілген. Содан бері 208 үй таратушы кәсіпорынмен келісім-шартқа отырып үлгеріпті. Бүгінде көгілдір отынды тұтынып отыр. Бұл ауылдағы барлық тұрғынүйлердің 50 пайызға жуығы. Баспаналарға газ тарту жұмысы әлі жалғасып жатыр. Ауылда тұрғындар тұрмысына қажетті әлеуметтік нысандардың барлығы жұмыс істейді.
Алда су құбырын жаңарту мәселесі тұр. Себебі қазіргі желінің салынғанына 60 жылдай уақыт өткен. Сондықтан ауыл әкімі «келешекте жобалық сметалық құжат жасап ұсынуды жоспарлап отырмыз» дейді. Жалпы Бейімбет Майлин ауданында инфрақұрылымды дамыту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл Тобыл -Апановка бағыты мен аудан орталығы Әйеттің айналма жолының құрылысы аяқталады. Қос жобаның құны 760 млн теңгеден асады.