Ауылға орталықтандырылған су келді
Таза ауыз су – адам өміріндегі ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Алайда шалғай елді мекендерде орталықтандырылған су жүйесіне қол жеткізу мәселесі әлі өзекті. Ұзынкөл ауданына қарасты Сатай ауылының тұрғындары да жылдар бойы суды тасып ішуге мәжбүр болды. Енді бұл мәселе біртіндеп оң шешімін тауып келеді. Биыл ауылда құбыр тартылып, баспаналарға ауыз су беріле бастады.
Алена Гуренконың Сатай ауылында тұрып жатқанына 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде ауыл тұрғындарының су тапшылығын қалай еңсергенін жақсы біледі. Бұрын олар суды көлден тасып, қыста мұз ойып алуға мәжбүр болған. Кейін су таситын көліктің қызметіне жүгінген. Алайда бұл да тұрғындар үшін оңайға соқпады. Биыл жағдай өзгерді. Енді көптен күткен ауыз су тұрғындардың үйіне тікелей жеткізіліп, күнделікті тіршілік әлдеқайда жеңілдей түсті.
Ауданда сумен қамту деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар басқа елді мекендерде де жалғасуда. Мәселен, Новопокров ауылында 240 миллион теңгеге су тарату желісі салынып, 104 тұрғын үй орталықтандырылған жүйеге қосылды. Ал Сокол ауылында 45 миллион теңгенің су құбырларын санациялау жұмыстары аяқталуға жақын. Тұрғын үйлерді желіге қосу келесі жылға жоспарланған.
Сатай ауылындағы құбыр желісін тарту жұмыстарына жергілікті ауыл шаруашылық қожалықтары қаржылай қолдау көрсеткен. Жобаның жалпы құны – 20 миллион теңге. Жұмыс белгіленген мерзімнен бұрын аяқталып, биыл 44 тұрғын үйге су жеткізілді. Жалпы жоба аясында ауылдағы 134 үйді орталықтандырылған су жүйесіне қосу көзделген.
Алдағы жылы орталықтандырылған су желісін кеңейтіп, қалған тұрғын үйлерді де жүйеге қосу жоспарланып отыр. Көп жылдан бері күткен бұл өзгеріс ауыл тұрғындары үшін үлкен қолайлылық әкелді. Ендігі міндет – басталған жұмысты толық аяқтап, халықты сапалы ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету.