Негізгі Жаңалықтар «KRU PROJECT» лигасы облыстық деңгейге көтерілді

«KRU PROJECT» лигасы облыстық деңгейге көтерілді

Қаламызда студенттік әзіл алаңы жаңа деңгейге көтерілді. А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «KRU Project» лигасының облыстық фестивалі өтті. Биылғы маусымға 14 команда қатысып, өзара әзіл додасына түсті. Ұйымдастырушылар үшін бұл – жаңа форматтағы жоба болса, қатысушылар үшін өңірлік сахнадағы алғашқы мүмкіндіктердің бірі.

Биылғы фестивальге Қарабалық, Алтынсарин, Федоров және Сарыкөл аудандарынан, Қостанай мен Рудный қаласынан команда жиналды. Олардың арасында мектеп оқушылары, колледж студенттері мен университет жастары бар. Осылайша, бұрын университетішілік форматта өткен лига алғаш рет облыстық ауқымда ұйымдастырылып отыр. Қатысушылардың саны да өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан.

Қатысушылардың бірі – Қарабалық ауданынан келген «Карабин» командасы. Үш адамнан құралған ұжым бұған дейін аудандық лигада өнер көрсеткен. Енді облыстық деңгейде бақ сынап, өз мүмкіндігін жаңа ортада сынап көрмек. Әзілдерінің тақырыбы да 

сан алуан: қоғамдағы өзекті мәселелерден бастап, күнделікті өмір мен қазылар алқасына дейін.

Биыл қатысушыларды сахнаға жетелейтін тағы бір себеп бар. Лига тарихында алғаш рет 600 мың теңгелік жүлде қоры белгіленді. Бас жүлде – 300 мың теңге. Екінші орынға 200, үшінші орынға 100 мың теңге беріледі. Сонымен қатар, үздік ойыншы мен үздік актриса секілді арнайы номинациялар бойынша демеушілер сыйлығы табысталады. 

Ал 11- қарашада университет қабырғасында «Жайдарман» лигасының сайысы өтеді. Онда да 600 мың теңгелік жүлде қоры сарапқа салынады.

Бір күндік фестиваль аяқталғанымен, командалар үшін негізгі бәсеке енді басталды. Алдағы бірнеше айда әзілдің ұтымдылығы, сахналық шеберлік пен көрермен ықыласы қай ұжымның финалға лайық екенін анықтайды.


Бөлісу