Шағын ауылдағы зілтеміршілер
Спорт - баланың бойына күш-қуат дарытып, мінезін қалыптастыратын тәрбие мектебі. Сарыкөл ауданына қарасты Барвинов ауылындағы шағын спорт залда ауыр атлетика жаттығулары жарты ғасырға жуық уақыттан бері жалғасып келеді. 1978- жылы бастау алған дәстүрі дайындық бүгінде жас буынға жол көрсетіп отыр. Толығырақ
Кезінде Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ирина Некрасова сынды саңлақтарды тәрбиелеген спорт мектебінің ізін бүгін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрлан Тайжанов жалғастыруда. Қазір мұнда 25-30 бала гір спорты, ауыр атлетика және сауықтыру гимнастикасымен шұғылданады. Басты мақсат – болашақ чемпиондарды даярлау ғана емес, өскелең ұрпақтың бойына тәртіп пен табандылық сіңіру.
Гір тасын көтеру спортына бес жылға жуық уақытын арнаған Яна бүгінде республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Осы уақыт аралығында талай белесті бағындырып, алты дүркін Қазақстан чемпионы атанған. Ал 2025 жылы Азия чемпионатының алтынын иеленсе, 2026 жылы әлем чемпионатында екінші және үшінші орындарға қол жеткізді.
Ал спортқа деген алғашқы қадамын бастауыш сыныпта бастаған Елжан Тайжанов бүгінде гір көтеру спортымен жүйелі түрде айналысып келеді. Жас спортшы аптаның бес күнінде ауылдағы жаттығу залында шынықса, демалыс сайын Қостанай қаласына барып, тәжірибелі бапкерден тәлім алады. Мақсаты шеберлігін шыңдап, спорттағы үлкен жетістіктерге қол жеткізу.
Он жасынан ауыр ателетика спортына ден қойған София бүгінде төрт жылдық тәжірибесі бар жас зілтемірші. Алғашқы жарысында 14 келілік гір тасын көтерген спортшы қазір бұл көрсеткішті 46 келіге жеткізген. Жақында Қызылорда қаласында өткен жарыста да бақ сынап, облыс намысын қорғап, үшінші орынға ие болды.