Негізгі Жаңалықтар Өңір мерейін үстем еткен спортшы

Өңір мерейін үстем еткен спортшы

Халықаралық аренада ел намысын қорғап, туған өңірінің мерейін үстем етіп жүрген спортшылардың жетістігі – жүйелі дайындық пен табанды еңбектің нәтижесі. Облысымыздың атын халықаралық додаларда танытып жүрген пара пауэрлифтинг шебері Тұрсынай Қабыл да – солардың бірі. Бүгінде спортшы халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, жаңа белестерді бағындыруды мақсат етеді.

Тұрсынай Қабыл пара пауэрлифтингке 2015 жылы келген. Араға бір жыл салып Қазақстан ұлттық құрамасының сапына қабылданды. 2016 жылы «Азия балалары» жарысында жеңімпаз атанса, 2017 жылы Дубайда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия Паралимпиадасында алтын медаль иеленді. Бұл жеңістер оның үлкен спорттағы жолына бастау болды.

Жасөспірімдер арасындағы табысты өнерінен кейін Тұрсынай ересектер санатындағы халықаралық жарыстарға қатыса бастады. 2018 жылы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, әлем кубогы кезеңдерінде жүлдегер атанды. Ал 2019 жылы Астанада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, екі рет Азия рекордын жаңартты. Кейінгі жылдары да халықаралық додаларда тәжірибе жинап, 2023 жылы Ханчжоуда өткен IV Азия Пара ойындарында 41 келіге дейінгі салмақта 87 келі көтеріп, күміс жүлдеге ие болды. 

Алдағы уақытта Тұрсынай Қабыл халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді көздейді. Бүгінде спортшы кезекті әлем чемпионатына дайындық үстінде. Оның басты мақсаты – жаңа белестерді бағындырып, облысымыздың спорттағы абыройын асқақтату.


Бөлісу