«Қостанай аруы – 2026» байқауының жеңімпазы анықталды
Сұлулық пен өнерді ұштастырған «Қостанай аруы – 2026» байқауы мәресіне жетті. Биыл 4-ші рет ұйымдастырылған сайысқа жүзге жуық бойжеткен өтініш білдірген. Іріктеуден өткен сегіз қатысушы ақтық кезеңде бас жүлдені сарапқа салды. Байқау қорытындысында үздіктердің үздігі анықталды.
Қостанайда сұлулық байқауының қорытынды кеші өтті. Көрермен залында ерекше көңіл күй. Бірі жақынына қолдау білдіруге келсе, енді бірі жеңімпазды бірге анықтауға асық. Құшағы гүлге толы жанкүйерлер байқаудың әр қатысушысын ыстық ықыласпен қарсы алды.
Байқауға қатысушылар бірнеше кезеңнен өтті. Алдымен іріктеуге қатысып, кейін аспаздық шеберлігін көрсетті. Сондай-ақ өнерін ортаға салып, сахнада өздерін таныстырды. Ал жеңімпазға табысталатын тәж Алматы қаласында арнайы әзірленген.
Қорытынды кеш ән мен биге ұласты. Сосын сахнада ұлттық нақыштағы, кешкі және дизайнерлік киім үлгілері көрсетілді. Әрбір қатысушы бұл сәтке тыңғылықты дайындалған.
Әділ қазылар алқасы арулардың сахнадағы жүріс-тұрысын, киім үлгісін және өзін-өзі ұстау мәнерін бағалады. Қатысушыларға әртүрлі сұрақ қойып, білім деңгейі мен ой-өрісін де саралады. Байқау қорытындысында үшінші орын «Қостанай» телеарнасының тілшісі Айжан Қаламбаеваға бұйырды.
Екінші орын Дана Ибареваға бұйырды. Ал «Қостанай аруы – 2026» атағын 10-сынып оқушысы Ақжан Әмірханова жеңіп алды. Бас жүлдені иеленген ол қуаныштан көз жасына ерік берді.
Сұлулық пен өнерді ұштастырған байқау Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асты. Ұйымдастырушылардың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өнерлі әрі білімді жастарды қолдау.