Негізгі Жаңалықтар Болашаққа бағдарланған білім ордасы

Болашаққа бағдарланған білім ордасы

Меңдіқара ауданындағы Кәмшат Дөненбаева атындағы колледжде жаңа өрт сөндіруші мамандығы ашылғаны туралы бұған дейін айтқан болатынбыз. Бүгін оқу орнының тарихы, өзге мамандықтары мен жаңа жобаларына тоқталамыз. Мұнда ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына қажетті мамандар даярланып, заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік жасалған. Колледждің тыныс-тіршілігі жайында толығырақ тілшіміз тарқатады. 

Тоқсан жылдық тарихында талай буынға білім беріп, білікті мамандар даярлаған білім ордасының тағылымы мол. 2019 жылы колледжге Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның есімі беріліп, арнайы музей ашылды. Бүгінде мұнда қайраткердің өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлер жинақталған. Олардың әрқайсысы – өткеннен жеткен өнегелі мұра. 

Тарихтан тағылым алған жастар енді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге ден қойған. Соның бірі – дәнекерлеу ісі. Бұл салада теориялық біліммен қатар, тәжірибелік машық та маңызды. Сондықтан студенттер кәсіби дағдыларын арнайы жабдықталған шеберханаларда шыңдайды. 

Колледжде техник-механик мамандығы да оқытылады. Оқу орнында студенттердің кәсіби дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Олар арнайы зертханаларда жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы техникасының құрылымы мен жұмыс істеу ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде зерттейді. 

Болашақ механизаторлардың дайындығында заманауи технологиялар да қолданылады. Колледжде трактор жүргізуді үйрететін арнайы тренажер бар. Оның көмегімен студенттер виртуалды ортада түрлі тапсырмаларды орындап, техника басқару дағдыларын жетілдіреді. Жабдық «Жас маман» жобасы аясында сатып алынған. 

Колледжде ауыл шаруашылығы саласына арналған роботтандырылған платформаны әзірлеу жобасы жүзеге асырылуда. Жоба республикалық «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алып, 1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау тапты. Қазір платформаның прототипін құрастыру және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Болашақта бұл технология шаруашылықтағы бірқатар үдерісті автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Кәсіби білім мен жаңашылдықты қатар ұстанған колледжде шәкірттер тек мамандық меңгеріп қана қоймай, тың идеяларды жүзеге асыруға да мүмкіндік алады. Өйткені бүгінгі ізденіс – ертеңгі жетістіктің бастауы. Ал білікті маман даярлау – уақыт талабынан туындаған міндет әрі болашаққа құйылған инвестиция.


Бөлісу