Негізгі Жаңалықтар Кітапқа құштар отбасы

Кітапқа құштар отбасы

Бұл отбасының шаңырағында кітаптың орны ерекше. Мұнда кітап оқу – жай ғана әдет емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан отбасылық дәстүр. Кітапқа деген сүйіспеншілікті өмірлік ұстанымына айналдырған Ермағанбетовтер әулеті былтыр «Кітап оқитын әулет» жобасының жеңімпазы атанған. 

Мәлікзада Ермағанбетовтің кітапқа деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүрген кезінен басталған. Физика-математика пәндерінен сабақ берген ол ұстаздық жолында да білім мен ізденісті басты орынға қойған. «Кітап оқитын ұлт» жобасының «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша №32 мектептің атынан қатысып, жүлделі орынға ие болған отбасы мүшелері бұл байқауға тыңғылықты дайындалған. Мәлікзада атай қазақ әдебиеті мен әлем классиктерінің талай туындысын оқып, рухани қоржынын байытқан.

Кітапқа деген құрмет отағасына ғана тән қасиет емес. Жұбайы Жанат Қалмағанбетова да – саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ол бүгінде зейнет демалысында. Ал байқауға қатысудағы басты мақсаттарының бірі – немересі Саяжанның бойына кітап оқуға деген сүйіспеншілікті сіңіру. Әдебиетке жақын өсіп, кітаппен дос болуына жол ашу. Өйткені баланың кітапқа құштарлығы отбасындағы үлгіден басталады.

Отбасы мүшелерінің әрқайсысының көңілінде ерекше сақталған шығармалар бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғауы» мен Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы» Мәлікзада атаның есінде қалса, жасөспірім Саяжанға Дулат Исабековтің «Бір атаның балалары» повесі ерекше әсер еткен. Ал әулеттің кітапқұмар жандарының бірі – Мәлікзада атай мен Жанат апайдың қызы Гүлсая. Ол үшін байқаудың ең үлкен жетістігі - жүлде мен марапат қана емес. Ең бастысы, қызы Саяжанның кітапқа деген ықыласы артып, оқуды сүйіп кетуі. Ол былтыр «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша жеңімпаз атанған. Биыл «Кітап оқитын педагог» бағыты бойынша бақ сынап жүр. 

Ермағанбетовтер әулеті үшін бұл байқау кітап оқудан жарысу ғана емес, ортақ құндылықтың айналасына топтасудың мүмкіндігі болды. Бұрын әркім өз бетінше оқыған шығармаларын енді дастарқан басында бірге талқылап, кейіпкерлердің тағдыры мен автордың ойын ортаға салады. Бірі өз пікірін айтса, екіншісі оған ой қосады. Осылайша, кітап беттерінен басталған әңгіме отбасы мүшелерін бір-біріне бұрынғыдан да жақындата түскен.



Бөлісу