Ел ертеңіне бағытталған ауқымды жоспар
Елдің тұрақты дамуы ең алдымен инфрақұрылымның сапасына байланысты. Жаңа жолдар, заманауи мектептер мен ауруханалар, қолжетімді коммуналдық қызметтер – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды факторлар. Сондықтан алдағы кезеңде құрылыс саласын дамыту мен стратегиялық нысандарды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінбек. Бұл бастамалар өңірлердің әлеуетін арттырып қана қоймай, экономиканың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашуы тиіс. Мемлекет көздеген міндеттердің бірі – бүгінгі қажеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақ ұрпаққа заманауи әрі бәсекеге қабілетті ел қалдыру.
Қазақстан алдағы жылдары ауқымды құрылыс пен инфрақұрылымдық жаңғырту кезеңіне қадам басады. Мемлекет басшысы жолдауында экономиканы нығайту, әлеуметтік нысандар салу, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрлық технологияларды дамыту бағытында нақты міндеттер жүктеді.
Мемлекет басшысы келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл бастамалардың түпкі мақсаты – жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру.