Негізгі Жаңалықтар Жасыл болашаққа жасалған қадам

Жасыл болашаққа жасалған қадам

Бүгін еккен ағаш - ертеңгі ұрпаққа қалатын аманат. Табиғатты қорғау мен туған жерді көркейтуге бағытталған игі істердің тәрбиелік мәні зор. Қостанайда мектеп аулаларын жасыл желекке айналдыруға арналған жоба жалғасын тауып, тағы бір білім ордасында жеміс бағының негізі қаланды. 

Бұл жолы алма көшеттері №32 мектептің ауласына отырғызылды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асып жатқан «Менің аулам – менің бағым» облыстық жобасы мектеп аумағын көгалдандырып, балалар бойына табиғатқа жанашырлық пен туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңіруге септігін тигізуде. 

Жобаның жүзеге асуына ата-аналар қауымдастығы да атсалысқан. Олар мектеп ауласына отырғызылатын жеміс ағаштарының көшеттерін сатып алуға демеушілік жасап, балаларға қолайлы әрі жасыл орта қалыптастыруға қолдау білдірді. Бұл мектеп пен ата-ананың ортақ іске жұмылғанының көрінісі. 

Жоба бүгін өңірдегі 100-ден астам білім беру ұйымын біріктіріп отыр. Бастапқыда 1 мың көшет отырғызу жоспарланғанымен, бұл көрсеткіш екі еседен асып, 2 500-ден астам ағаш пен бұта егілді. Оның ішінде 2 100-ден астамы - алма ағашы. Алдағы уақытта мектеп бақтарында алмұрт, шие, алхоры мен өрік те жайқалмақ. Бұл бастаманың тағы бір ерекшелігі - балалар үшін бақ тек демалыс орны емес, білімін тәжірибемен ұштастыратын шағын зертханаға айналады. 

Жоспар ауқымды. Алдағы бес жылда өңірдегі мектеп бақтарының санын 400-ге жеткізіп, отырғызылған ағаштар санын 6 мыңнан асыру көзделіп отыр. Ең бастысы - әрбір көшеттің жерсініп, терең тамыр жаюы. Себебі бүгін балалар қолымен егілген ағаштар ертең мектеп ауласының көркіне 

айналып, келер ұрпаққа табиғатты аялаудың жарқын үлгісі болмақ.


Бөлісу