Негізгі Жаңалықтар Қостанайда цифрлық технологиялар фестивалі өтті

Қостанайда цифрлық технологиялар фестивалі өтті

Жасанды интеллект, робототехника және цифрлық технологиялар. Қостанайда Digital Career Fest 2026 фестивалі өтті. Студенттер өздері әзірлеген жобаларды таныстырып, IT-компаниялардың өкілдерімен кездесті. Ал жұмыс берушілер болашақ мамандардың мүмкіндіктерімен танысты. Фестивальдің мақсаты – білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту.

Тың идеялар мен технологиялық жоба автолары бір алаңда. Бірі робот құрастырып, енді бірі жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа өнім әзірлеген. Университет студенті Виктория Богданова егін алқаптарын дрон арқылы бақылау механизмін ойлап тапқан. Яғни, дрон алқапты толық ұшып өтіп, жасанды интеллект арқылы егіс алқабындағы арамшөптер мен өнім аз аймақтарды анықтап береді.

Фестивальде робототехника, виртуалды шындық және 3D-баспа технологиялары да таныстырылды. Келушілер интерактивті алаңдарда жаңа құрылғыларды сынап көрді. Ал Digital Expo көрмесінде студенттердің жасанды интеллект пен бағдарламалау бағытындағы әзірлемелері ұсынылды.

Фестивальдің тағы бір бағыты – жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату. Career Zone алаңында студенттер өңірдегі IT-компаниялардың өкілдерімен кездесіп, өндірістік тәжірибеден өту және бос жұмыс орындары туралы ақпарат алды. Сондай-ақ қатысушылар интерактивті викторинаға қатысып, үздік студенттік жобаларды таңдады. Жеңімпаздар екі бағыт бойынша анықталды.

Digital Career Fest осымен бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келеді. Басты мақсат – студенттердің практикалық жобаларын қолдау, кәсіби әлеуетін арттыру және жоғары оқу орны мен IT-индустрия арасындағы әріптестікті дамыту. Өйткені цифрлық экономиканың дамуы білікті мамандар мен тың технологиялық шешімдерге тікелей байланысты.


Бөлісу