Негізгі Жаңалықтар Шығармашылықтың сырлы сәттері

Шығармашылықтың сырлы сәттері

Жас суретшілердің шығармашылық ізденісі мен көркемдік талғамы бір көрмеде тоғысты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Шығармашылықтың сырлы сәттері» атты экспозиция ашылды. Көрермен назарына Александр Никифоров атындағы көркемсурет мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстары ұсынылды. Кескіндеме, графика және көлемді композициялардан құралған туындылар жас авторлардың өнерге деген өзіндік көзқарасын танытады.

Көрме кеңістігінде бір-біріне ұқсамайтын көркемдік шешімдер үйлесім тапқан. Классикалық жанрлармен қатар, заманауи бағыттағы жұмыстар да бар. Кей композициялар бірнеше қабаттан құрастырылып, кеңістіктік тереңдік әсерін тудырады. Ал графикалық туындыларда ұлттық нақыш пен халықтың дүниетанымы көркем бейнелер арқылы өрілген.

Әр жұмыстың артында автордың жеке ізденісі мен ұзақ еңбегі жатыр. Әсіресе, дипломдық жобалар жас суретшілердің белгілі бір тақырыпты өз бетінше зерттеп, оны көркем тілде жеткізе алатынын көрсетеді. Ал көрмеге қойылған туындылардың арасынан өз немересінің жұмысын көру – отбасы үшін күтпеген қуанышқа айналған.

Баланың бойындағы қабілетті байқап, оны кәсіби деңгейде дамыту – арнайы білім беруде басты міндеттердің бірі. Көркемсурет мектебінде оқушылар тек бейнелеу техникасын меңгеріп қана қоймай, композиция құруды, түстер үйлесімін табуды және көркем образ жасауды үйренеді. Оқу үдерісінің нәтижесі түлектердің қорытынды жұмыстарынан көрініс табады.

Тақырыптық және техникалық әртүрлілік көрменің мазмұнын байытып, әр автордың шығармашылық ерекшелігін айқындайды. Ең бастысы, бұл жұмыстар – жас буынның өнерге деген қызығушылығының, болашақ шығармашылық жолына жасаған алғашқы маңызды қадамдарының көрінісі


Бөлісу