Жолдау-2026: өңір өнімінің өткізу нарығы кеңейеді.
Қостанайға келген Құрылтай депутаттары кәсіпкерлер қауымы үшін маңызды мәселелердің бірін талқылады. Ол - ауылда өндірілген өнімді өткізу нарығын кеңейтіп, отандық тауар өндірушілерді әлемдік сауда алаңына шығару.
Ауылда өндірілген өнімнің тұтынушыға жетуі - кәсіпкер үшін маңызды мәселенің бірі. Әсіресе, елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан Қостанай облысында бұл бағыттың өзектілігі жоғары. Жиында Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері бас қосып, Президент Жолдауында айтылған цифрлық сауданы дамыту бастамасын түсіндірді.
Мұндай платформа жергілікті өндірушілердің өнімін кеңінен таныстырып қана қоймай, оны өткізу нарығын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Президент Үкімет пен бизнес қауымдастығына бірқатар өңірде осы бағыттағы пилоттық жобаларды іске қосуды тапсырған болатын. Құрылтай депутаты Екатерина Смышляеваның пікірінше, ендігі міндет – цифрлық инфрақұрылымды нақты экономикалық нәтижеге бағыттау. Яғни, өндіруші мен сатып алушы арасындағы байланысты жеңілдетіп, ауыл кәсіпкерлерінің сауда алаңына қолжетімділігін арттыру қажет.