Қоғаммен кері байланыс: Жолдау міндеттері түсіндірілді
Қостанайда «Qaz Talks» диалог алаңы аясында Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері өңір тұрғындарымен кездесті. Жиынға қатысушылар Жолдауда алға қойылған мақсаттарға жету үшін қоғам мүддесі мен заманауи талаптарды ескере отырып, заңнамалық базаны жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында Президент Жолдауындағы ел дамуының басым бағыттары мен оларды жүзеге асыру тетіктері әңгіме арқауы болды. Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева осы міндеттерді орындауда заңнамалық базаны жетілдірудің маңызын атап өтті.
«Халықтық құрылыс» – Жолдауда белгіленген маңызды бастамалардың бірі. Алдағы үш жылда бағдарламаны жүзеге асыруға 6,5 триллион теңгеден астам қаражат бағыттау жоспарланған. Бұл қаржы инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңа инженерлік желілер салуға жұмсалмақ. Нәтижесінде өңірлердің экономикалық әлеуеті артып, өндірістің дамуына жол ашылады. Сонымен қатар, ел экономикасын нығайтуға бағытталған өзге де міндеттерді іске асыру көзделген.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Рафаил Гаджибалаев өз сөзінде азаматтық қоғамды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет пен халықтың бірлескен күш-жігері ғана Үкімет жоспарлаған міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Көлік-логистика саласын дамыту да – стратегиялық басымдықтардың бірі. Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалының 85 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін әуе инфрақұрылымын да жаңғырту қажет. Жиында Арқалық әуежайын қайта жаңарту мәселесі көтерілді. Жоба өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, сауда қатынастарын кеңейтуге жол ашпақ.
Жасанды интеллектіні дамытуға да басымдық берілді. Биыл қабылданған «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында деректер орталықтары салынып, ЖИ мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілмек. Сондай-ақ оқушыларға мектептен бастап жаңа технологияларды меңгерту көзделген. Бұл елдің технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған.