Сан салаға серпін берген сандық жүйе
10 қараша – Цифрландыру күні. Осыған орай Қостанайда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға арналған «AI & Digital Shanyraq» форумы өтті. Жиынға ҚР Құрылтайының депутаты Екатерина Смышляева, IT саласының өкілдері мен мамандар қатысты. Олар өңірдің цифрлық даму перспективаларын талқылап, өз жобаларын таныстырды.
Форум басталмас бұрын стартап-жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Онда жергілікті IT-компаниялар өз әзірлемелерін таныстырды. Бүгінде Қостанай облысында 300-ден астам IT-компания жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі өңір сұранысына сай нақты шешімдер ұсынуға басымдық береді. Бұл туралы Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева атап өтті.
Форумда өңірді цифрландырудың алдағы жоспары да таныстырылды. Қазір Қостанай облысының 2029 жылға дейінгі цифрландыру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Құжат экономиканың барлық саласына жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізуді көздейді.
Жиынға өңірлік IT-компаниялардың өкілдері де қатысты. Олар өз тәжірибесімен бөлісіп, әзірлемелерін көпшілік назарына ұсынды. Солардың бірі – «Экосервис 2030» компаниясы. Кәсіпорын су және жылумен жабдықтау салаларына арналған ақпараттық жүйелерді әзірлейді.
Кездесу барысында цифрлық саланың өзекті мәселелері ортаға салынып, қатысушылар арасында пікір алмасу өрбіді. Жиынның негізгі мақсаты – өңірдегі IT-бастамаларды қолдау, жаңа жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік жасау және тиімді шешімдерді тәжірибеге енгізу.