Негізгі Жаңалықтар Өндіріс ұжымына Жолдау түсіндірілді

Өндіріс ұжымына Жолдау түсіндірілді

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Қостанайдағы кондитерлік фабрика ұжымымен кездесті. Жұмысшыларға Президент Жолдауында белгіленген міндеттер мен өндіріс саласына қатысты басым бағыттар түсіндірілді. Кездесуде азық-түлік өнеркәсібіндегі бәсекелестік, энергетика және агроөнеркәсіп кешенін қолдау мәселелері талқыланды.


Кондитерлік фабрика жұмысшыларымен кездесуде ең алдымен отандық өндірісті дамыту мәселесі сөз болды. Мемлекет басшысы Жолдауында азық-түлік өнеркәсібіндегі адал бәсекелестікті қамтамасыз етудің маңызын атап өткен. Бұл ретте жергілікті кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін экспорттық өнімдерге қатысты қосымша реттеу тетіктерін енгізу көзделіп отыр.


Өндіріс көлемін арттыру үшін электр энергиясының жеткілікті болуы маңызды. Қазір Қазақстан жылына 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Алайда бұл ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан Президент 2029 жылға дейін электр энергиясының тұрақты профицитіне қол жеткізуді тапсырды. Ол үшін қолданыстағы станцияларды жаңғыртып, екі атом электр станциясын салу жоспарланып отыр. Жиында логистика саласын дамыту мәселесі де қозғалды.


Кездесуде агроөнеркәсіп кешенін қолдау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Үкімет субсидиялау мен несиелендіру бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, шаруаларға ұзақ мерзімді инвестициялық қаражат берудің жаңа әрі жеңілдетілген тетігі әзірленеді. Ал азық-түлік өнеркәсібіндегі жобаларды жүзеге асыруға 500 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталмақ. Бұл жаңа өндіріс орындарын ашып, жұмысістеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға мүмкіндік береді.



Бөлісу