Негізгі Жаңалықтар Диқандар күнбағысты шетелге еркін сатқысы келеді

Диқандар күнбағысты шетелге еркін сатқысы келеді

Облыс фермерлері күнбағыс экспортына салынатын салықты уақытша алып тастауды сұрап отыр. Олардың айтуынша, қазіргі шектеулер күнбағысты шетелге тиімді бағамен сатуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан шаруалар өнімді жергілікті өңдеу кәсіпорындарына өткізуге мәжбүр. Осы мәселеге байланысты фермерлер Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше ұсыныс жолдады.

Қазір күнбағысты шетелге сату үшін фермерлер кедендік құнның 20 пайызын төлеуі керек. Алайда әр тоннасына кемінде 100 еуро баж салығы белгіленген. Аграршылардың айтуынша, бұл төлем өнімді сыртқы нарыққа шығаруды тиімсіз етеді. Фермерлер Қазақстанда жиналатын күнбағыс отандық май зауыттарын шикізатпен толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін айтады. Дегенмен шаруалар өнімін көбіне зауыттар белгілеген бағамен сатуға мәжбүр. Ал экспорттық баж салығы басқа нарықтарға шығуға мүмкіндік бермейді. Бұған қоса, Ресейде күнбағыстан мол өнім жиналуы және Орталық Азия елдеріне ресейлік май жеткізілімінің артуы отандық нарыққа кері әсер етуі мүмкін. Осы мәселені шешу үшін қауымдастық екі ұсыныс білдірді. Біріншісі – май зауыттарына берілетін мемлекеттік қолдау мен жеңілдіктерді тек қазақстандық шикізатты толық пайдаланған жағдайда ғана ұсыну. Екіншісі – зауыттарда шикізат жеткілікті болған кезде отандық фермерлер үшін экспорттық баж салығын уақытша тоқтату. Аграршылардың пікірінше, бұл өзгерістер күнбағысты сатып алушылар арасындағы бәсекені күшейтіп, бағаның нарық талабына сай қалыптасуына мүмкіндік береді. Ал бұл шаруаларға өнімін тиімді бағамен сатуға жол ашуы мүмкін.


Бөлісу