Ауыл тазалығы – басты назарда
Қоқыс мәселесін шешу ауылдық жерлерде де өзекті. Облысымыздың аудандарында тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып Меңдіқара және Қостанай аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері қолға алды. Қазір ірі елді мекендерде 140-тан астам контейнер орнатылған. Жоба рұқсат етілмеген қоқыс орындарының санын азайтып, ауыл тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруды көздейді.
Ауылдық жерлерде стихиялық қоқыс орындарының пайда болуына көбіне тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мен уақытылы шығару жүйесінің жолға қойылмауы себеп. Осы мәселені шешу мақсатында жыл басынан бері облыстың бірнеше ауданында пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында ірі ауылдарда арнайы контейнер алаңдары орнатылып, қоқысты жинау және шығару жұмыстары ұйымдастырылуда. Мәселен, Меңдіқара ауданындағы Боровской және Первомай ауылдарында алғашқы 20 контейнер орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 30 контейнер қою жоспарланған. Осындай жұмыстар Қостанай ауданында да жүргізілуде. Қазір бірнеше ауылда 125 контейнер орналастырылған. Бұдан бөлек, қоқыс шығару жұмыстарына арналған екі арнайы техника сатып алынған.
Жобаны қаржыландыру келесі жылы да жалғасын табады. Бұл бастама ауылдарда қоқысты уақытылы шығаруға, елді мекендердің тазалығын сақтауға және қоршаған ортаның ластануын азайтуға мүмкіндік береді.