Ипотекалық бағдарламаға бөлінер қаржы көлемі бекітілді
«7-20-25» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыру лимиті 2027- жылға 100 млрд теңге болып белгіленді. Қаражат әр тоқсан сайын 25 млрд теңгеден аспайтын көлемде бөлінеді. Бұл туралы Қазақстанның орнықтылық қорының баспасөз қызметі хабарлады.
Алайда қаражат банктерге тікелей аударылмайды. Алдымен екінші деңгейлі банктер азаматтарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несие береді. Кейін қор тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқықтарын екінші деңгейлі банктерден сатып алады. Қордың мәліметінше, бағдарлама іске қосылған 2018 жылдан бері 87 мыңнан астам ипотекалық несие берілген. Олардың жалпы сомасы 1,26 трлн теңгеден асады.