Жолдау міндеттері: экономика, энергетика және логистика
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Өңірдегі ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндірді. Кездесуде ел экономикасын дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және көлік-логистика мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне басымдық берілді.
Президент Жолдауында елдің тұрақты дамуына негіз болатын бірнеше басым бағыт айқындалды. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Еркін Әбіл олардың ішінде адами капитал мен инфрақұрылымды жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.
Экономикалық өсімнің қарқыны энергетикалық инфрақұрылымның мүмкіндігіне де тікелей байланысты. Өйткені өндіріс орындарының көбеюі мен жаңа технологиялардың енгізілуі электр энергиясына деген сұранысты арттырады. Осыған орай кездесуде ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов еліміздегі энергетика саласының қазіргі жағдайына тоқталып, жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды.
Ал экономиканың тұрақты дамуына серпін беретін тағы бір маңызды бағыт – көлік-логистика саласы. Қазақстанның географиялық орналасуы халықаралық транзиттік тасымалды дамытуға және Еуразия кеңістігіндегі көлік дәліздерінің маңызын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттарды кешенді дамыту елдің экономикалық әлеуетін арттырып, өңірлердің де өркендеуіне жол ашады. Ал ғылыми қауымдастықпен мұндай кездесулер стратегиялық міндеттерді түсіндіріп қана қоймай, оларды жүзеге асыруға қатысты ортақ ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді.