Алаяқтықтан қорғауда үнпарақтардың үлесі зор.
Қостанай қалалық полиция басқармасының жауапты мекемелермен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері азаматтарға тиесілі 56 миллион теңгеден астам қаражат қорғалды. Алдын алу шараларын күшейте түсу мақсатында қала әкімшілігі полиция басқармасына 5 мың ақпараттық брошюра сатып алуға қаражат бөлген. Алайда мұндай брошюралардың саны Қостанай халқын түгел хабардар етуге аздық ететін көрінеді.
«Облыс орталығында халық саны шамамен 278 мың адам екенін ескерсек, бұл көлем қала тұрғындарын алдын алу шаралары туралы толыққанды ақпаратпен қамтуға жеткіліксіз. Оның үстіне тұрғын саны жылма-жыл өсуде. Онлайн алаяқтықтың алдын алу жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Сондықтан іс жүзінде ай сайын кемінде 10 мың дана алдын алуға бағытталған буклет қажет. Онлайн алаяқтыққа және жалпы киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі шаралардың жалғасып жатқанын атап өткім келеді. Қол жеткізілген нәтижелер жүйелі алдын алу жұмыстарының және құзырлы органдар арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын растайды», – деді қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ақтан Макеев.