«Ұмай» ипотекасына қаржы жеткіліксіз
«Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім берушілердің көптігіне байланысты бөлінген қаржы жеткіліксіз болып, өтініш қабылдау жүйесінде техникалық ақаулар туындаған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, мәселені шешу үшін бағдарламаны қаржыландыру көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ.
Ерсайын Нағаспаев «Отбасы банкінің» ресми кезегінде 870 мың адам тұрғанын айтты. Алайда қазіргі құрылыс көлемі кезекте тұрған азаматтардың барлығын бірдей баспанамен қамтуға жеткіліксіз. Министрдің сөзінше, «Ұмай» бағдарламасына бөлінген қаражат өтінім берушілердің сұранысын толық қамтамасыз ете алмаған. Бұған қоса, өтініш қабылдау кезінде жүйеге бір мезетте көп адам кіріп, техникалық қиындықтар туындаған. Алдағы уақытта бағдарламаға бөлінетін қаржыны кезең-кезеңімен арттыру жоспарланып отыр. Биыл елімізде 18 миллион шаршы метр тұрғын үй салу көзделген. Министр құрылыс көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Ал мемлекеттік әлеуметтік тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 335 мың теңге. Бұл көрсеткіш өңірлерге қарай өзгеріп отырады. Жеке құрылыс компаниялары ұсынатын баспананың бағасын мемлекет реттемейді.