Негізгі Жаңалықтар Өркен жайған өлке

Өркен жайған өлке

Ұзынкөл ауданының тынысы кеңейіп, өндіріс пен әлеуметтік сала қатар қарқын алып келеді. Мәселен, өлкеде төрт түлік азығын өңдейтін цех ашылып, дайын өнім шетелге экспортталып жатыр. Бұдан бөлек, ауданда темір иіп, құрылыс материалдарын шығаратын зауыт та бой көтерген. Бұл қос жоба жеке инвестиция есебінен іске асқан. Сондай-ақ аудан демалыс және мәдени ошақтармен де толыққан. Аймаққа арнайы жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов бірқатар маңызды нысанды аралап, атқарылған жұмыстардың барысымен танысты.


Троебрат ауылындағы жаңа мәдени-демалыс орталығы жастардың жанарына от, жүрегіне жігер сыйлайтын алтын ұяға айналған. Жалпы аумағы 842 шаршы метрді құрайтын нысанда балалар домбыра, вокал және би үйірмелеріне қатысып, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі секцияларында шеберліктерін шыңдайды. Орталықта іс-шаралар өткізуге арналған арнайы сахна аймағы қарастырылған.


Бұған қоса, орталық заманауи медиа-студиямен жабдықталып, жастарға шығармашылық қабілеттерін жаңа қырынан дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Мұнда олар камерамен жұмыс істеуді, бейне түсіру мен монтаж жасауды меңгеріп, медиа әлемінің қыр-сырын үйренуде.


Сондай-ақ Троебрат ауылында ел экономикасына серпін беретін құрылыс индустриясының жаңа кәсіпорны іске қосылды. Мұнда қазіргі заман талабына сай жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар өндіріледі. Жылдық қуаты 6 мың тоннаға жететін өндіріс орны құрылыс нарығын отандық сапалы өніммен толықтыруға мүмкіндік береді.


Троебрат ауылында мал шаруашылығын дамытуға қажетті өнім өндіретін кәсіпорын да жұмыс істейді. 2025 жылы іске қосылған мал азықтық ұн өндіру цехының жылдық қуаты 25 мың тонна. Жобаға 300 миллион теңге инвестиция салынып, бүгінде мұнда 15 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Кәсіпорынның басты мақсаты – мал шаруашылығы субъектілерін сапалы жемдік ұнмен қамтамасыз ету.


Ал Ұзынкөл ауылында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізіп, жан-жақты тынығуына мүмкіндік беретін жаңа саябақ пайдалануға берілді. Көрікті демалыс орны балалар ойын алаңынан бастап, жағажай волейболына арналған алаңмен, үстел теннисі және шахмат аймақтарымен жабдықталған. Яғни мұнда әр буын өкілі өзіне ұнайтын іспен айналысып, уақытын қызықты өткізе алады. Облыс әкімі саябақты аралап, ауыл тұрғындарымен тілдесті.


Саябақтың сәнін келтіріп, ауасын тазарта түсу үшін аумаққа 30 түп ағаш отырғызылып, кешкі мезгілде келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 18 жарық шамы орнатылған. Ал тұрғындардың қауіпсіздігі бейнебақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етілмек. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 50 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Осылайша, ауыл тұрғындары үшін жайлы демалыс орны ашылып, елді мекеннің көркіне көрік қосылды.



Бөлісу