Негізгі Жаңалықтар Торғай төріндегі әзіл додасы

Торғай төріндегі әзіл додасы

Әсерлі әзіл, жайдарлы жастар. Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүрген жайдарманшылар бұл жолы Торғай төрінде бас қосты. Жангелдин ауданында «Әкім кубогы – 2026» ойыны өтті. Сайысқа аймақтың әр түкпірінен келген тоғыз команда қатысып, өзара бақ сынады. 

Биылғы сайыс «Заң мен тәртіп» тақырыбына арналды. Жайдарманшылар қоғамдағы өзекті мәселелер мен күнделікті өмірде кездесетін жағдайларды әзіл арқылы жеткізіп, заңға құрмет пен қоғамдық жауапкершіліктің маңызын қозғады. Әрбір команда тапқыр әзілдерімен ерекшеленіп, көрерменге күлкі сыйлаумен қатар, ой салатын қойылымдар ұсынды.

Сайысқа Жангелдин ауданының командаларымен қатар, Әулиекөл ауданы, Арқалық және Қостанай қалаларынан келген жайдарманшылар да қатысты. Ұйымдастырушылардың мақсаты – жергілікті жастардың сахналық шеберлігін шыңдап, командалармен тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Осылайша, сайыс қатысушыларға өз өнерін көрсетуге, жаңа идеялармен бөлісіп, шығармашылық байланыс орнатуға да мүмкіндік берді.

Жайдарман сахнасы – тек әзіл айтатын орта емес, жас буынның ойлау қабілеті мен сөз саптау мәдениетін қалыптастыратын үлкен мектеп. Мұнда тапқырлықпен қатар, сахналық шеберлік пен командалық үйлесім де сынға түседі. Сайысқа қатысқан «2026» командасы да тәжірибелі ойыншылардың басын қосқан ұжым. Университетаралық жарыстарда шыңдалған әзілкештер бұл жолы да жоғары дайындықпен келген.

Қонақ командалар Торғайдағы ойыннан жақсы әсер алғандарын жеткізді. Олардың айтуынша, көрерменнің ыстық ықыласы мен сахнадағы бәсекелестік әр команданың жігерін арттырған. Ал мұндай кездесулер жайдарманшыларға тәжірибе жинап, өз деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

Сайыс қорытындысында бас жүлде Әулиекөлдің «Бір үйдің балалары» командасына бұйырды. Жангелдиннің «Түйме» мен Торғайдың «Шоқан шоу» командалары екінші орынды иеленсе, Арқалықтың «2026» және «Арман» ұжымдары үшінші орыннан көрінді. 9 команда бас қосқан бұл сайыс қатысушыларға тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер жас жайдарманшылардың шығармашылығын дамытып, өңірдегі әзіл өнерінің өрісін кеңейте түсетіні сөзсіз.


Бөлісу