Ұлттық спорт – ұрпаққа аманат
Ұлттық спортты ұлықтау – атадан қалған аманатты ардақтау. Мемлекет басшысы бұқаралық және ұлттық спортты дамытуға айрықша мән беріп келеді.Себебі спорт – ұлт саулығының кепілі. Ал ұлттық спорттың өркендеуі – төл мәдениетіміз бен тарихи мұрамызды дәріптеудің маңызды жолы. Бабадан қалған жамбы ату өнерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу де - осы бағыттағы игі істің бірі.
Жамбы ату – мергендік пен ептілікті, сабыр мен дәлдікті сынға салатын көне өнер. Бүгінде бұл спорт түрі жаңа буынның қызығушылығын оятып, қазақтың жауынгерлік рухын жаңғыртып келеді. Қостанайлық Әдия Тұрғанбекова да осы жолда тер төгіп жүрген жас спортшылардың бірі. Төрт жылдық еңбегінің жемісін көріп, Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді.
Жамбы атуда жеңіске жету үшін тек нысана көздеу жеткіліксіз. Садақтың адырнасын керіп, жебені діттеген жерге дәл түсіру – ұзақ дайындық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі. Әрбір жаттығу мергеннің шеберлігін шыңдап, көз мөлшерін қалыптастырады. Ал жарыс алаңында жинақылық пен сабыр шешуші рөл атқарады. Бұл ретте спортшының жеке талпынысымен қатар, бапкердің бағыт-бағдары да маңызды.
Қазақтың қанына сіңген мергендік өнері – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани мұра. Бұрын ат үстінде садақ тартқан бабаларымыздың шеберлігі бүгін спорт алаңында жаңғырып отыр. Жамбы ату арқылы жас буын ұлттық құндылықтарды танып, тәртіп пен төзімділікке, табандылыққа үйренеді. Сондықтан бұл өнердің өркендеуі – спорттағы жетістікпен қатар, тарихи сабақтастықтың да көрінісі.