Маусымдық алаяқтық
Қысқы дөңгелек сатып алуды жоспарлаған жүргізушілерге полиция ескерту жасады. Себебі күз бен қыс мезгілінде интернет-алаяқтар белсенді әрекет ете бастайды. Олар түрлі сауда алаңдарында тауарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсынып, сатып алушыларды алдап соғады. Нәтижесінде алдын ала төлем жасаған тұрғын ақшасынан қағылуы мүмкін.
Суық түсе салысымен көлік иелері қысқы дөңгелек іздей бастайды. Осыны пайдаланған алаяқтар интернетте жалған хабарландырулар жариялап, жұртты арзан бағамен қызықтырады. Тіпті тиімді бағамен демалыс турларын ұсынатын жалған жарнамалар да көбейген. Полицияның айтуынша, мұндай айла-шарғыдан сақтану үшін сатып алушы бірнеше жайтқа назар аударуы керек. Ең алдымен сатушының сенімділігін тексеріп, тауарды көрмей тұрып ақша аударудан бас тартқан жөн.