Негізгі Жаңалықтар «Даму» қоры: бизнеске жаңа мүмкіндік

«Даму» қоры: бизнеске жаңа мүмкіндік

Облыста кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары нақты нәтижесін көрсетіп келеді. Өңірде өндіріс орындары кеңейіп, жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары құрылып жатыр. «Даму» қорының қаржылық қолдауына ие болған жобалардың жүзеге асу барысымен БАҚ өкілдері арнайы баспасөз туры аясында танысты. Журналистер үш кәсіпорынға барып, бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалады. 


Өндіріс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының өзара сабақтас салалары. Бұл бағыттардағы кәсіпорындардың дамуы тек өнім көлемін арттырумен шектелмейді. Ол жаңа нарықтарға шығуға, өндірістік үдерістерді жаңғыртуға және жергілікті еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге жол ашады. 

63 нөмірге арналған заманауи қонақүй іскерлік сапармен келген қонақтар мен туристерге қызмет көрсетеді. Мұнда мейрамхана, таңғы ас және тәулік бойы жұмыс істейтін қабылдау орны қарастырылған.Жалпы құны 530 миллион теңгені құрайтын жоба «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асқан. Оның ішінде 450 миллион теңге «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында, ал 80 миллион теңге «Іскер Аймақ» бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Қаржы ғимаратты жөндеуге, жиһаз бен қажетті жабдықтарды сатып алуға бағытталды. Жобаның нәтижесінде шамамен 30 жаңа жұмыс орны ашылды

Ал өнеркәсіп саласында экологиялық бағыттағы жобалардың маңызы артып келеді. Соның бірі – «KST RECYCLING» кәсіпорны. Мұнда қайталама шикізатты жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар кәсіпорында медициналық қалдықтарды залалсыздандыруға арналған арнайы жабдықтар орнатылған. 

 

Баспасөз турының соңғы нысаны – аграрлық секторға қажетті техника шығаратын «Оптисорт» компаниясы. 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын астық кептіргіштер, нориялар, транспортерлер мен астық бункерлерін өндіреді. Сонымен қатар Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын заманауи техникамен қамтамасыз етіп келеді. 

Қызмет көрсету, қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру. Үш түрлі бағыттағы кәсіпорындардың ортақ тұсы – бизнесті кеңейтуге және жаңа мүмкіндіктерді игеруге ұмтылыс. Ал қаржыландырудың қолжетімді болуы мұндай жобаларды жүзеге асырудағы маңызды факторлардың бірі.


Бөлісу