Студенттік өмірден сыр шертетін сериал
Студенттік өмірдің қызығы мен шыжығы, жастардың арманы мен бастан кешкен сынақтары. Мұның бәрі жаңа сериалдың сюжетіне арқау болмақ. Қостанайда «Перваш» атты сериалдың екінші бөлімін түсіру жұмыстары басталды. Жобаға жергілікті кәсіби актерлер мен жас блогерлер тартылған.
«Перваш» сериалының түсірілім алаңындағы жұмыс қызу. Таспагерлер қырағы камераларын сайлап, режиссер келесі көрініске дайындалып жатса, гримерлер актерлердің бет-әлпетін әрлеуіне кіріскен. Бұл жолы түсірілім Қостанайдағы ҚСТУ университетінің ғимараты мен жатақханасында өтіп жатыр. Ал сериалдың сюжеті студенттік өмірдің тыныс-тіршілігіне арналады.
Сериал комедиялық драма жанрында түсіріледі. Режиссер жобаға аздап экшн көріністерін де қосқан. Осылайша, туындыда студенттік өмірдің қызығы мен шыжығы ғана емес, шиеленісті сәттер де көрініс таппақ. Айта кетейік, жобаға актерлік құрамнан бастап, техникалық мамандарға дейін тек жергілікті кадрлар тартылған.
Қостанайлық блогер Жанна Сырлыбаева сериалда басты рөлдердің бірін сомдайды. Бұл — оның кино әлеміндегі алғашқы қадамы. Блогердің айтуынша, Қостанайда осындай жобалардың қолға алынып, жергілікті жастарға жаңа мүмкіндік беріліп жатқаны қуантады.
Қостанайлық студенттердің өмірін арқау еткен «Перваш» сериалы жақын арада көрерменге жол тартпақ. Жоба авторларының айтуынша, сериалды жұрт тегін тамашалай алады. Ал туындының алғашқы бөлімінің жабық көрсетілімі өтіп қойған. Қазір жастардан құралған шығармашылық ұжым сериалдың қалған бөлімдерін түсіру жұмыстарын жалғастыруда.