Негізгі Жаңалықтар Кәсіпкерлерді тексеруге үш жылдық мораторий енгізілмек

Кәсіпкерлерді тексеруге үш жылдық мораторий енгізілмек

Президент кәсіпкерлерді тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында айтты. Президенттің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жартысында жеке кәсіпкерлер арасында анықталған заң бұзушылықтар 34 пайызға азайған. Соған қарамастан, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 11 пайызға өсіп, жоспардан тыс тексерулер саны бірнеше есе артқан.

Кәсіпкерлікке негізсіз қысым көрсетуді тоқтатып, бизнестің еркін дамуына мүмкіндік беру қажет. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі. 2020-2023 жылдары шағын бизнесті тексеруге енгізілген мораторий нәтижесінен мысал келтірген Мемлекет басшысы келесі жылы 1 қаңтардан бастап тағы да үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылауды тапсырды. 

МКД мәліметінше айыппұлдың азайғаны адал салық төлеушілердің артқанын білдіреді. Биылдан бастап күшіне енген жаңа салық кодексінде де бұл мәселеге аса мән берілген. Ашық әрі заңды жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін артықшылықтар бар. Оған салықтық тәуекелдің төмендеуін, қосымша қаржылық шығындардың алдын алуды, уақытты үнемдеп, электрондық қызметтердің қолжетімділігі артқанын жатқызуға болады. 

Адал салық төлеуші болу ең алдымен, өз қызметін ашық жүргізу, заң талаптарын сақтау және өз бизнесінің болашағына жауапкершілікпен қарау. Ал, кәсіпкер үшін бұл - салықтық және қаржылық тәуекелдердің төмендеуі, іскерлік беделдің нығаюы және бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлардың қалыптасуы.


Бөлісу