Негізгі Жаңалықтар Тобыл өңірінің 90 жылдық тарихы

Тобыл өңірінің 90 жылдық тарихы

Қостанай облысының құрылғанына биыл 90 жыл. Осы уақыт ішінде өңір талай тарихи кезеңді бастан өткеріп, әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрғыдан дамыды. Аймақтың өткенін зерделеп, тарихи мұраны ұрпаққа жеткізу мақсатында Қостанайда өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында кешегі мен бүгінгіні сабақтастыратын мәнді зерттеулер ұсынылып, өлке тарихының өзекті мәселелері талқыланды.

Конференцияға тарихшылар, ғалымдар, өлкетанушылар, архив және музей қызметкерлері қатысты. Басқосудың басты мақсаты – өңірдің 90 жылдық шежіресін ғылыми тұрғыдан зерделеп, тарихи оқиғалар мен ел дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмір жолын кеңінен таныту. Іс-шара аясында 1936 жылдан бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын фотоқұжаттық көрме де ұйымдастырылды. Онда облыстың әр кезеңдегі тыныс-тіршілігін бейнелейтін тарихи материалдар ұсынылды.

Қостанай өңірлік университетінің магистранты Темірлан Болатов Меңдіқара ауданының 1960-1980 жылдардағы даму тарихын зерттеді. Оның «Тенденция развития Мендыкаринского района в 1960-1980 годы» атты мақаласы конференцияда жарық көрді. Темірланның айтуынша, еңбекті архивтік құжаттар мен тексерілген интернет деректеріне сүйене отырып, екі аптада дайындаған. Бұл – оның алғашқы жарияланған мақаласы.

Жас зерттеушінің еңбегіне негіз болған деректер қатарында Қалқаман Хасенұлының зерттеу материалдары бар. Олар Меңдіқара ауданының сол кезеңдегі білім беру жүйесіне қатысты тың мәліметтерді зерделеуге мүмкіндік берген. Қоғам белсендісі өңір тарихын зерттеу ісінде мұндай еңбектердің маңызы зор екенін атап өтті. Себебі өлке шежіресі – тек тарихи оқиғалардың тізбегі емес, тұтас бір ұрпақтың өмірі мен еңбегінің көрінісі.

Қостанай облысының 90 жылдық тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Әсіресе, өңірдің білім беру, медицина, мәдениет және басқа да салалардағы даму жолын архивтік деректер негізінде зерделеудің маңызы зор. Ғылыми конференция тарихи мұраны сақтау мен кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруға жол ашаты.


Бөлісу