Негізгі Жаңалықтар Мемлекеттік қызметке бастар жол

Мемлекеттік қызметке бастар жол

Мемлекеттік қызметке алғашқы қадамды студенттік кезден бастауға болады. Қостанай өңірлік университетінде «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» республикалық жобасының таныстырылымы өтті. Кездесуде ЖОО бітіруші курс студенттері мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері мен кәсіби даму жолдары жайлы мәлімет алды. Жоба жастарды мемлекеттік қызметке даярлауға бағытталған.

Елдің дамуына үлес қосу, халыққа қызмет ету және кәсіби тұрғыда өсу. Жиында осы мүмкіндіктер сөз болды. Мемлекеттік орган өкілдері студенттерге жобаға қатысу талаптарын, іріктеу кезеңдерін, Мемлекеттік басқару академиясында білім алу және мемлекеттік органдарда тәжірибеден өту тәртібін түсіндірді.

Кездесуге мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген мамандар да қатысты. Олар студенттерге саладағы жұмыс ерекшеліктері мен мансаптық мүмкіндіктер туралы айтып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Жоба жастарға мемлекеттік қызметтің қыр-сырын түсініп, болашақ мансабына қатысты шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Студенттер де кездесудің пайдалы болғанын айтып, алған ақпараттың кәсіби бағыттарын анықтауға көмектесетінін жеткізді.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың болашақ мамандығын таңдауға көмектеседі деп сенеді. Ал мемлекеттік органдар үшін бұл – білімді, бастамашыл, жаңа идеяларға ашық жас мамандарды қатарға қосып, олардың әлеуетін ел игілігіне бағыттауға берілген мүмкіндік.


Бөлісу