Негізгі Жаңалықтар Рухани байыған өрендер

Рухани байыған өрендер

Қостанай қалалық Жайлаубай ата мешітінде қасиетті Құранды жатқа оқудан жастар арасында облыстық сайыс өтті. Биыл екінші рет ұйымдастырылған рухани додаға өңірдің әр ауданынан келген шәкірттер қатысып, өз білімдері мен дайындықтарын ортаға салды. Ал мұндай іс- шаралардың мәні тек сайыс нәтижесімен шектелмейді. Оның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың рухани дамуына ықпал етіп, діни білімге деген қызығушылығын арттыру.

Қасиетті кітапты жаттау – бір бөлек, оның мағынасын түсініп, тағылымын өмірлік ұстанымға айналдыру – бір бөлек. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастықты нығайтып, рухани білімге деген жауапкершілікті қалыптастыратын орта. Қатысушылардың дайындығын саралап, біліміне баға берген қазылар алқасына елордадан келген білікті маман төрағалық етті.

Жасөспірімнің рухани қалыптасуына әсер ететін орта оның дүниетанымына да ықпал етеді. Ақпарат ағыны күшейген заманда діни сауатты арттыру, сенімді білім көздерін тану және алған тәлімді дұрыс түсіну өзекті мәселеге айналып отыр. Мамандардың пікірінше, жастардың рухани ізденісіне бағыт-бағдар беру үшін жүйелі білім мен білікті ұстаздың орны ерекше.

Сайыстың әр қатысушысы үшін бұл күн – өз дайындығын сынап, алған білімін көрсетуге берілген мүмкіндік. Ал Қарасу ауданынан келген Батырхан үшін байқау жаңа тәжірибе жинауға жол ашты. Ол Құран жаттауға деген қызығушылығының себебін де жасырмайды.

Осындай басқосулар жастарға өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, ортақ мақсат жолында ынтымақтасуға ықпал етеді. Құран жаттау сайысы – бір күндік бәсеке болғанымен, оның тәрбиелік мәні ұзақ мерзімге жалғасады. Өйткені жас буынның бойына білімге деген құштарлық пен рухани жауапкершілікті сіңіру – отбасыға да, ұстазға да, тұтас қоғамға да ортақ міндет.


Бөлісу