Негізгі Жаңалықтар Өшпес мұра, ұмытылмас тұлға

Өшпес мұра, ұмытылмас тұлға

Ұлттық мәдениетті жаңғыртып, тарихи құндылықтарды сақтауға зор үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтің есімі қазақ тарихында ерекше орын алады. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің 95 жылдығына орай Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Өзағаңның жинаған өз мұрасы» атты жылжымалы көрме ашылды. Экспозиция Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» музейінен жеткізілген құнды жәдігерлерді қамтиды.

Көрмеге қойылған әрбір жәдігердің өзіндік тарихы бар. Мұнда Өзбекәлі Жәнібековтің жеке мұрағат материалдары, архивтік фотосуреттер, ұлттық киім үлгілері мен этнографиялық бұйымдар ұсынылған. Барлығы – 95 жәдігер. Бұл сан да қайраткердің мерейтойына орай таңдалған.

Көрмедегі ерекше жәдігерлердің бірі – Торғай сәукелесі. Қазақ қызының сәнін келтіретін бұл баскиімнің ерекшелігі – жанындағы эскизге Өзбекәлі Жәнібековтің өз қолтаңбасын қалдыруы. Осы сызба негізге алынып, сәукеле жасалған. Мұндай жәдігерлер қайраткердің қазақтың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасына деген ықыласын аңғартады. Ал оның ұлттық өнерді дамытуға қосқан үлесі бүгінгі күнге дейін жоғары бағаланып келеді.

Көрмені тамашалауға студенттер де келді. Олар үшін тарихи тұлғаның өмір жолымен танысып, өткеннен сыр шертетін жәдігерлерді жақыннан көрудің маңызы зор. Әсіресе, қайраткердің өз қолымен жинақтап, сақтауға ықпал еткен бұйымдары келушілердің қызығушылығын тудырды.

«Өзағаңның жинаған өз мұрасы» көрмесі Қостанай қаласында 31-ші қазанға дейін жалғасады. Көрмені тамашалауға ниетті тұрғындар тарихи 

жәдігерлермен жақын таныса алады. Бұл – ұлт мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мұрасын танып, тарихқа тағзым етуге берілген мүмкіндік.


Бөлісу