Тобылда 3 мың орындық спорт сарайы салынуда
Қостанай облысында жаңа спорт сарайы салынып жатыр. Қазір Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданында нысанның іргетасы қалануда. Жаңа спорт кешені спортшылардың жаттығуына және түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.
Мұндай ауқымды спорт кешенінің салынып жатқанына жергілікті спортшылар да дән риза. Өйткені жаңа нысан оларға заманауи жағдайда жаттығуға мүмкіндік береді.
Жаңа спорт сарайында спорттың 12 түрімен айналысуға мүмкіндік болады. Кешенде спортшыларға арналған заманауи жаттығу залдары қарастырылған. Олардың қатарында күрес, гимнастика, теннис және құзға өрмелеуге арналған залдар бар. Сонымен қатар 3 мың көрерменге арналған аренада түрлі деңгейдегі жарыстар өткізу жоспарланып отыр.
Спорт нысанының құрылыс барысын облыс әкімі арнайы барып бақылады. Аймақ басшысының айтуынша, нысанның аумағы толық абаттандырылып, жас көшеттер отырғызылады. Бұл — облыста баламасы жоқ кешен.
Спорт сарайының құрылысы 2028 жылы аяқталуы тиіс. Жоба толық жүзеге асса, Қостанай облысында бұған дейін болмаған спорттық мүмкіндіктер ашылады. Өңір халықаралық турнирлерді қабылдап қана қоймай, қазақстандық спортшылардың ірі жарыстарға өз алаңында дайындалуына жағдай жасайды.