Негізгі Жаңалықтар Тең мүмкіндікке бастар жол

Тең мүмкіндікке бастар жол

Қоғамның жанашырлығы көмекке мұқтаж жандарға көрсетілген қолдаудан көрінеді. Ал сол қолдауды күнделікті еңбегіне айналдырған әлеуметтік сала мамандарының қызметі ерекше құрметке лайық. Қостанайда мүгедектігі бар адамдарды қолдауға және әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін дәріптеуге арналған «Аялы алақан» облыстық форумы өтті. 

IQostanay смарт-орталығында өткен форумға әлеуметтік сала мамандары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен қайырымдылықпен айналысатын азаматтар жиналды. Іс-шара барысында сала ардагерлері, үздік қызметкерлер, облыстық байқаулардың жеңімпаздары және мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсетіп жүрген азаматтар марапатталды. Сонымен қатар қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, әлеуметтік қолдаудың өзекті мәселелерін талқылады.

Инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін кедергісіз орта құрумен шектелуге болмайды. Әр адамның қоғам өміріне белсенді араласып, өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік берілуі қажет. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шаралары мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі маңызды рөл атқарады

Әлеуметтік қолдаудың тиімділігі адамның күнделікті өмірде кездесетін кедергілерді еңсеріп, өз бетінше әрекет етуінен көрінеді. Форумға қатысқан «Мир нашими глазами» қоғамдық бірлестігі зағип және көру қабілеті бұзылған жандардың тұрмысқа бейімделуіне көмектеседі. Мұнда олар Брайль қарпін меңгеріп, кеңістікте бағдарлауды және смартфонды пайдалануды үйренеді. Мұндай дағдылар күнделікті өмірде дербес болуға және қоғамға белсенді араласуға жол ашады.

Форум аясында әлеуметтік қызмет көрсету саласына ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан мамандардың еңбегі де ескерусіз қалмады. Солардың бірі – Балапан Шаяхметқызы. Ол осы салада 13 жылдан бері еңбек етіп, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға үй жағдайында әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетуді ұйымдастырып келеді. Кәсіби жауапкершілігі мен қажырлы еңбегі үшін маман Құрмет грамотасымен марапатталды.

Форумның ресми бөлімі мерекелік концертпен жалғасты. Арқалық қаласынан келген би ұжымы мен жергілікті өнерпаздар сахнаға шығып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Іс-шара әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегін дәріптеп, қоғамда өзара қолдау мен тең мүмкіндіктердің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Өйткені әр адамның әлеуетін ашуға жағдай жасау және ешкімді қоғамнан шет қалдырмау – инклюзивті ортаның басты қағидасы.


Бөлісу