Қала тұрғындарын не мазалайды?
Қостанайда биыл 9 айда тұрғындардан 54 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 процентке көп. Өтініштер артқанымен, оларды уақытылы орындау нәтижесі жақсарған. Қала тұрғындарын нендей мәселелер жиі мазалайды? Қандай жұмыс әлі де кезегін күтіп тұр?
Тұрғындардың шағымы көбіне жарық, су және жол мәселелеріне қатысты. Биыл электрмен жабдықтаудағы апаттық жұмыстарға байланысты өтініштер 60 пайызға артқан. Көшелерді жарықтандыруға қатысты шағымдар да көбейіпті. Ал жол инфрақұрылымы бойынша өтініштер азайған. Дегенмен ауыз судың сапасына қатысты мәселе әлі өзекті. Былтыр мұндай шағымдар 132 болса, биыл 367-ге жеткен.
Қаладағы мәселелерді бақылау үшін цифрлық жүйелер де жетілдіріліп жатыр. Мәселен, көшелердегі шамдардың жұмысын, қар мен қоқыстың шығарылуын арнайы жүйелер арқылы бақылауға болады. Алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланған. Бұл ақауларды дер кезінде анықтап, мәселелерді жедел шешуге көмектеседі.