Алимент төлемі бақылауда
Облыста алимент бойынша берешек 1 миллиард теңгеден асқан. Бала алдындағы жауапкершіліктен жалтарған ата-аналармен жұмыс жалғасып жатыр. Бұл бағытта борышкерлерді жұмысқа орналастырудан бастап, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейінгі шаралар қарастырылған.
Алимент төлеу – ата-ананың бала алдындағы заңмен бекітілген міндеті. Алайда алимент бойынша міндетін орындамай жүрген борышкерлер аз емес. Қостанай облысында бүгінде алимент өндіруге қатысты 17 мыңнан астам атқарушылық іс жүргізілуде. Оның 1170-і проблемалық деп танылған.
Борышкерлерді жұмысқа орналастыруға басымдық беріледі. Биыл осы бағытта 40 жәрмеңке өткізіліп, 230 адам жұмысқа орналастырылған. Ал еңбек етуден жалтарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл ретте берешек жойылмай, керісінше өсе береді. Алимент төлемдеріне қатысты жаңа тәртіп те
енгізілді. 25 тамыздан бастап қаражат арнайы банктік шотқа аударылады. Оның ерекшелігі неде?
Алимент алушы арнайы шотты кез келген банктен аша алады. Оның деректерін жеке сот орындаушысына ұсынса жеткілікті. Шоттағы алимент қаражаты бұғатталмайды. Өйткені бұл қаржының түпкі мақсаты біреу – баланың қажетіне жұмсалу.