Желден жүйрік рухты ару
140 медаль! Талай дүбірлі додада алдына қара салмаған қайсар қыз Айдана Жақсылыққызы – Әлем чемпионы. Халықаралық бәсекеде ел рекордын жаңартқан ол жуырда өткен ТЖМ Кубогында да қоссайыста жеңіс тұғырынан көрінді.
Жүйткіп кеп, мұнараға өрмелеп бір-ақ шыққан батыр қыздың шапшаңдығын желіде көрген көрермен таңдай қағып, сүйсініп жатыр. Айдана Жақсылыққызы спорттағы жолын 17 жасында жеңіл атлетикадан бастаған. 2019 жылы өрт сөндіру-құтқару спортына аяқ басып, небәрі екі аптада республикалық жарыста топ жарды. Кішкентайлы болып, аяқ қолын бауырына алған жас ана тура 40 күннен кейін жарысқа қайта қосылды. Бұл жолы тағы да чемпионы атанды.
Қоржынында қазір 140 медаль бар. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы. Ал 2023 жылы Түркияда өткен әлемдік додада күміс жүлдеге ие болып, Қазақстан рекордын жаңартты. Биіктікті небәрі 7.2 секундта бағындырған.
Қазір Әзербайжан елінде өтетін Әлем чемпионатына дайындық қызу. Қазақстан құрамасына облыстан 5 спортшы қатысады. Ал желден жүйрік Айдананың ендігі мақсаты – әлем рекордын жаңарту.