Негізгі Жаңалықтар Қыстың қамы

Қыстың қамы

Қостанай облысында қысқа дайындықтың негізгі жұмыстары аяқталды. Жылу беру маусымы өңірде 1- қазанда басталады. Қазір жылу желілерінің әзірлігі, көмір қоры және бірқатар нысандағы қалған жұмыстар бақылауда. Негізгі міндет – суық түскен кезде жылу желілерінде апаттарға жол бермей, тұрғындарды тұрақты қызметпен қамтамасыз ету. 

Облыста жылыту маусымына дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда. Биыл бұл мақсатқа 19,1 миллиард теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға көп. Сонымен қатар Қостанай, Лисаков, Арқалық және Жітіқара қалаларында жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 8 ірі жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 17 миллиард теңгеден асады. 

Қалалардағы дайындық деңгейі де әртүрлі көрсеткіштермен бағаланады. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың әзірлігі, жылу желілерінің жағдайы және отын қоры негізгі назарда.

Негізгі дайындық жұмыстары аяқталғанымен, бірқатар міндет әлі де күн тәртібінде тұр. Облыс әкімі жылу беру маусымы басталғанға дейін қалған жұмыстарды толық аяқтап, нысандардың әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Жылу беру маусымы басталғанға дейін қалған тиісті жұмыстарды аяқтау жалғасады. Әлеуметтік осал топтардың қауіпсіздігі де басты назарда. Қыркүйектің 25-іне дейін мұқтаж отбасылардың үйлеріне арнайы датчиктер орнату жоспарланған. Өңірдің қысқы кезеңге дайындығы жылыту маусымы басталғанға дейін күн сайын бақылауда болады.  


Бөлісу