«Күрең берет» – жоғары мәртебе
Қостанайлық екі жауынгер «Күрең берет» иегері атанды. Олар Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында өткен биылғы біліктілік сынағында үздіктер қатарынан көрінді
Қарағандыдағы «Қарабас» полигонында ұйымдастырылған сынға еліміздің әр өңірінен 101 әскери қызметші қатысты. Алайда ауыр сынақтардың барлығын небәрі 13 жауынгер ғана еңсерді. Солардың екеуі – Қостанайдағы 6697әскери бөлімінің арнайы жасақ әскери қызметшілері. Бір аптаға созылған сынақта жауынгерлер физикалық төзімділігі мен тактикалық дайындығын сынады. Үміткерлер атыс, топографиялық бағдарлау, кедергілерден өту, жараланған сарбазды тасымалдау және су бөгетін еңсеру секілді күрделі тапсырмаларды орындады. Бұл сынақтан екі жерлесіміз де сүрінбей өтті. Қостанайға оралған жауынгерлерді әскери бөлім ұжымы салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті.