Жарты ғасырлық жолға – жаңа тыныс
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қостанай облысында жол сапасын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Республикалық маңызы бар KAZ03 автожолының тағы бір учаскесі жаңартылды. Зуев ауылынан Докучаев ауылына дейінгі 15 шақырым тас жол орташа жөндеуден өтіп, толық пайдалануға берілді.
Сарыкөл ауданының тұрғындары бұл жолмен жиі қатынайды. Әсіресе, Қостанайға сапары түскендер үшін бұл – негізгі бағыттардың бірі. Бұған дейін жүргізушілер жолдағы шұңқырлар мен ойықтарға байланысты сақтықпен жүруге мәжбүр болатын.
Жөндеу барысында ескі асфальт алынып, жолдың негізі күшейтілді. Кейін жаңа жабындының екі қабаты төселді. Жиегі ретке келтіріліп, ұзындығы 15 шақырым аумақта жол таңбалары жаңартылып, 54 арнайы белгі орнатылды. Жөндеу жұмыстарына 17 техника мен 25 маман жұмылдырылған.